Алматыда жұмыс істейтін жастарды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанамен қамту бағдарламасы басталады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы Аlataunews.kz жазды. Онда 11-15 желтоқсан аралығында Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында Алматы қаласының жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі жастарынан өтініш пен құжаттарды қабылдайтыны жазылған. 

Бұл тұрғын үй жалға 3 жыл мерзімге беріледі. Наурызбай ауданында жалпы саны – 2 100 пәтер. 

Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар:

‒ 35 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын ҚР азаматтары;

– Алматы қаласында тұрғылықты жері бойынша 3 жылдан кем емес тұрақты тіркеуді растау (осы қалада тұрғын үй сатып алуға үміткерлер үшін);
– Алматы қаласында 14 жастан асқан өтініш берушінің отбасы мүшелерінің (жұбайы және болған жағдайда балалары) тұрақты тіркелуі;

– өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының өтініш берудің алдындағы 5 жыл ішінде меншік құқығында, жалдау құқығымен немесе сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің жоқтығын растау (жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасымен расталатын апатты жағдайдағы, құлау қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда);

– соңғы алты айда кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылға – 138 мың теңге) мөлшерінен кем емес ай сайынғы табыстың болуы;

– банктік жинақ шотында 40 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылға – 138 мың теңге) мөлшерінен кем емес қалдық болуы.

Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе негізінде (ең көп балл саны бойынша) жүргізіледі. Балл беру критерийлері, сондай-ақ қажетті құжаттар тізімі жоғарыда көрсетілген сайтта орналастырылған.

Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін бағдарламаға қатысушылар жоғарыда көрсетілген сайттағы жеке кабинеті арқылы берілген өтініштің нәтижесін дербес бақылайды.