ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстанда алғаш рет: Алматыда есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтайтын бірыңғай жүйе іске қосылды
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханада Қазақстандағы алғашқы аудиологиялық скринингті сүйемелдеуге арналған трекинг-орталық ашылды. Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімін енгізу басталды. Бұл жобалар Сурдология бойынша құзыреттілік орталығының базасында жүзеге асырылуда, деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Жаңа жүйе «Мен естимін» пилоттық жобасы аясында сынақтан өтті. Жоба Алматыдағы үш перзентхана, үш алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы және екі сурдологиялық кабинетті қамтыды. Пилоттық жобаның нәтижелері жүйенің тиімділігін және оны кең көлемде енгізудің қажеттілігін растады.
«Трекинг-орталықтың ашылуымен біз Алматыдағы барлық перзентханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын кезең-кезеңімен осы жүйеге қосамыз. Бұл есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтау және балаларды үздіксіз сүйемелдеудің бірыңғай бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді трекинг-орталықтың ашылуына қатысқан Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
«Мен естимін» жобасы баланы аудиологиялық скринингтен бастап, диагноз қою, емдеу, есту аппараттарымен қамтамасыз ету және оңалту кезеңдеріне дейін толық сүйемелдеуді көздейді. Трекинг-орталық тексеру нәтижелерін нақты уақыт режимінде алып, «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қосымша диагностика ұйымдастырады және анықталған есту бұзылысы бар балаларды бақылауда ұстайды.
Жүйенің тиімділігі іс жүзінде дәлелденді. 2026 жылдың басынан бері 11 баланың толық есту қабілетінен айырылғаны дер кезінде анықталды. Олардың барлығына кохлеарлық имплантация жасалып, қазіргі уақытта оңалту курсынан өтуде.
Жоба кеңейтілгеннен кейін жыл сайын 90 мыңнан астам баланы аудиологиялық мониторингпен қамту жоспарланып отыр. Бұл ауыр дәрежедегі есту бұзылыстары мен толық саңыраулықты баланың өмірінің алғашқы жылында-ақ анықтап, емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді.
Бірыңғай тіркелім есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектер туралы мәліметтерді біріктіреді. Жүйе пациенттерді диагностикадан бастап емдеу және оңалтуға дейін үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, мамандандырылған көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Жыл басынан бері №5 қалалық клиникалық аурухананың Сурдология бойынша құзыреттілік орталығының мамандары МӘМС аясында есту қабілетін жақсартуға бағытталған 200-ден астам ота жасады. Сонымен қатар 400-ден астам пациентке есту аппаратын алуға жолдама берілді.
Бүгінде орталық Қазақстанның барлық өңірінен келген пациенттерге мамандандырылған көмек көрсетеді. Олардың 58%-ы Алматының тұрғындары.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді атқарушылық іс жүргізу аясында өндірілетін алименттер арнайы банктік шотқа ғана аударылады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Әділет министрлігінің баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, бұл өзгеріс 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заңға сәйкес енгізіліп отыр. Оның мақсаты — алиментке арналған ақшаның толық сақталуын қамтамасыз етіп, оны тек балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамды асырауға пайдалану.
"Жаңа тәртіп бойынша алимент алушы арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы қажет. Сот орындаушысы өндірілген алимент қаражатын тек осы шотқа аударады. Арнайы шоттағы қаражатқа арест салынбайды және ол алимент алушының басқа қарыздарын өтеуге пайдаланылмайды. Осылайша, алимент қаражаты басқа міндеттемелерді өтеуге жұмсалмай, толық көлемде өзінің мақсатына пайдаланылады", — делінген хабарламада.
Әділет министрлігі арнайы шоттың болмауы алимент төлеушіні міндетінен босатпайтынын ескертті. Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыға арнайы шот ашып, оның деректемелерін беру қажеттігін хабарлайды. Деректемелер ұсынылғаннан кейін жиналған қаражат белгіленген тәртіппен аударылады. Бұл аралықта алимент бойынша берешек сақталады және жойылмайды.
Министрлік сондай-ақ алиментке арналған арнайы шот ашатын банктердің тізімін немесе ашылған мұндай шоттардың санын жүргізбейтінін хабарлады. Бұл ақпарат Қазақстан Ұлттық банкінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және екінші деңгейлі банктердің құзыретіне жатады.
Жаңа норма алимент алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік беруге бағытталған.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Қазақстанда зейнеткерлерге онлайн несие рәсімдеуге тыйым салынды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл талап азаматтардың ең осал санатын қаржылық алаяқтықтан қорғау мақсатында енгізілген.
"Егде жастағы азаматтар, әсіресе зейнеткерлер немесе зейнет жасына таяған адамдар несие алу үшін міндетті түрде банк бөлімшесіне жеке келуі керек. Бұл жерде жауапкершілік банк менеджеріне жүктеледі. Егер ол адамның алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін екенін байқаса, несие не үшін қажет екенін сұрайды. Ал клиент «маған біреу хабарласып, несие алуды айтты» десе, банк мұндай жағдайда несиені бермеуге міндетті", — деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл талаптардың сақталуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайды. Агенттік банктерге жоспарлы тексерулер жүргізіп, талаптардың орындалуын бақылайды.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Әр автокөліктің өзіндік VIN-коды болады. Ол көлік құралын куәландыруға және техниканың тарихы жөнінде мәліметтерді білуге мүмкіндік береді. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы аталған кодтың автокөлік иелері үшін не себепті маңызды екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Корпорацияның хабарлауынша, VIN-код — көлік құралын тіркеу кезіндегі ең басты элементтердің бірі.
VIN-код (Vehicle Identification Number) — бұл өндіруші зауыт көлік құралына бір рет қана беретін, 17 таңбадан (әріптер мен сандардан) тұратын бірегей сәйкестендіру нөмірі.
Адамның саусақ ізі сияқты, VIN-код та — әрбір көлік құралы үшін бірегей.
VIN-код арқылы мыналарды білуге болады:
- көлік өндірушісі мен құрастырылған елін;
- көліктің шығарылған жылын;
- моделін және негізгі техникалық сипаттамаларын;
- көліктің сериялық нөмірін.
VIN-кодты мына жерлерден табуға болады:
- көлік құралын тіркеу туралы куәліктен (техникалық паспорттан);
- көліктің шанағынан немесе рамасынан;
- жүргізуші есігінің тіреуішінен немесе есік ойығынан (көлік маркасына байланысты).
Көлік құралын қарап-тексеру және VIN-кодты тексеру мынадай жағдайларда жүргізіледі:
- алғашқы мемлекеттік тіркеу кезінде (Қазақстан Республикасында өндірілген немесе ресми дилерлер әкелген жаңа автокөліктерден басқа);
- шанағы, шассиі немесе рамасы ауыстырылған кезде;
- көлік құралы қайта жабдықталған кезде;
- көліктің түсі өзгертілген кезде;
- тіркеу деректеріндегі қателерді немесе сәйкессіздіктерді түзету кезінде.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Қазақстанның басым бөлігінде алдағы үш күнде аптап ыстық сақталады. Кей өңірлерде ауа температурасы 45 градусқа дейін көтерілсе, батыс, солтүстік-батыс және шығыс аймақтарда найзағай ойнап, нөсер жаңбыр және бұршақ жауып, екпіні күшті жел соғады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қазгидромет синоптиктерінің болжамынша, 9 шілдеде мұндай ауа райы шығыс өңірлерге ауысады. Бұл аймақтарда да нөсер жаңбыр мен найзағай болжанады, алайда кейін жауын-шашын тоқтап, күн ашылады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болады. Ал республиканың қалған аумағында жауын-шашынсыз, құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталады.
Күндіз ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде қатты және өте қатты ыстықтың шегіне жетеді.
"Батыс пен оңтүстік-шығыста сынап бағаны +42 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде +40 градусқа дейін ысиды. Оңтүстік облыстарда аптап ыстық күшейіп, ауа температурасы +45 градусқа дейін жетеді. Шығыс өңірлерде де +38 градусқа дейін ыстық болады", — делінген хабарламада.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Тағы басқа мақалалар...
1 ішінен 92 беті

Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.