2022 жылы және 2023 жылдың 6 айында мемлекеттік қызметшілер өздеріне тарту етілген 438 сыйлықты мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға тапсырған. Ол қатарда қымбат телефонда бар, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
“2022 жылы және 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтын адамдар комитеттің аумақтық бөлімшелеріне 438 дана сыйлықты тапсырды. 438 сыйлықтың ішінде 188 сыйлық аукцион арқылы сатылды. Аукцион арқылы сатылған ең бағалы сыйлық «Iphone 13» маркалы телефон 327 079 теңгеге саудаланды”, - делінген Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті жауабында.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметшілерге немесе “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын өзге де адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне хаттамалық және басқа да ресми іс-шаралар кезінде берілген (табыс етілген) сыйлықтар мемлекетке берілген сыйлықтар болып есептеледі. Бұл сыйлықтар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде оларды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз беру арқылы мемлекеттік мүліктің құрамына түседі. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады.