Ел өңірлерінде қар еруіне байланысты жылдағы төтенше жағдай сипаты тіркеле бастады. Қазірдің өзінде 3 облыста жолдар жабылса, Алматы облысындағы Бесағаш ауылын су басқан, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің дерегіне сүйенсек, Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында бірнеше үй мен әлеуметтік нысанды су басқан. 25 наурызда толассыз жауын-шашынның салдарынан Қотырабұлақ өзені арнасынан асып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, Бесағаш ауылында жеті аула аумағы мен медициналық орталықты су басты. Өзен жағасы заңсыз тарылып, тасыған су арнасынан шығып кеткен. Өйткені тұрғындар өзеннің арнасына қоршаулар мен күркелер салып тастаған.
"Талғар ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су басқан үйлердің жоғарғы бөлігінде арық жүйесін тереңдетіп жатыр. Жұмысқа Алматы облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарынан 15 адам, 5 техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды", - дейді төтенше жағдай мамандары.
Сондай-ақ, қар еруіне байланысты елдегі тағы 3 өңірде жолдар жабылып отыр. Республикалық жолдарды күтіп-ұстауға 260 арнайы техника мен 574 маман жұмылдырылған.
"25 наурыз сағат 18:00 жағдай бойынша еріген қар суының салдарынан 3 облыстағы 3 республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына шектеу қойылды", - делінген хабарламада.
Тізім мынадай:
Ақтөбе облысы:
"Қандыағаш - Ембі- Шалқар - Ырғыз" автожолының 3-92 шақырым аралығы (Қандыағаш қаласы - Ембі қаласы).
Қостанай облысы:
Қазақстан мен Ресей арасындағы бейтарап территориядағы Мариновка ауылына жақын аймақта (РФ шекарасы).
Солтүстік Қазақстан облысы:
"Петропавл қаласының айналма жолы" автожолының 4-7 шақырымы аралығында (Қожаберген жырау айналма жолынан Есіл өзені арқылы өтетін көпірге дейін).