Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір тынысы туралы мәлімет берді. Сөзінше жақын жылдары үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін тауып, саяжайда тұратын тұрғындар жағдайы жақсармақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Марат Сұлтанғазиев өңірдегі тұрғындар мәселесі саяжай жайының болашағын түсіндірді. Сөзінше көп жылдан бері өзекті мәселеге айналған саяжайларда инфрақұрылым толық жүргізілмеген. Салдарынан ондағы халық зардабын тартып келеді. Әкімнің айтуынша, енді оларды жақын маңдағы елді-мекендерге қосып, бас жоспар аясында газ тарту, жол салу, қоғамдық көлікпен қамту жолдары шешілмек.
“Саяжайлар маусымдық сипаттағы үйлер болғандықтан инфрақұрылым жүргізілмеген. Жыл 12 ай тұруға арналмаған 674 саяжайларда бүгінде 188 мың адам тұрады. Оларда елді мекен мәртебесі болмағандықтан стандарттарға сай жолдармен, сумен, кәріз жүйесімен, газбен, көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Облыс бойынша шығатын сыни ақпараттар саяжайларға байланысты. Биыл барлығы 37 елді мекенді қамтитын 12 жаңа маршрут ашылды. Оның ішінде 4-еуіне мемлекеттік автопарк қызмет көрсетеді. Былтыр субсидия көлемі 200 млн теңге болса, биыл 1,3 млрд теңгеге дейін көтерілді. Бұл әлеуметтік бағыттардың санын 59-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар мектеп оқушыларын тасымалдау үшін биыл қосымша 34 автобус сатып алынды", - деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, облыс басшысы үш ауысымды мектеп жайына да тоқталды.
“Білім беру саласындағы негізгі басымдық – үшауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою. 2023 жылдың басында облыста 52 үшауысымды мектеп болды. Биыл 14,4 мың орынға арналған 10 мектеп тапсырылды. 5-еуі жылдың соңына дейін беріледі. Келер жылы үшауысымды мектептер 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. Осының нәтижесінде үшауысымды мектеп мәселесі шешіледі”, - деді өңір әкімі.