Алматыда жантүршігерлік жағдай. Бүгін таңда жертөледегі хостелден өрт шығып 59 адам эвакуацияланды. 13 студент тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қаза болған студенттердің 9- қазақстан азаматы, қалған 2-і Ресей, екеуі Өзбекстан азаматы.
Айта кетейік, өрт туралы хабарлама таңғы сағат 5:33-те түскен. 1 сағатқа жуық уақыт аралығында 30 шаршы метрге жайылған жалын сөндіріледі. Ондағы 59 адам эвакуацияланып жақын маңдағы мектепке жеткізіледі. Тағы іздестіру кезінде 13 студенттің өлі денесі табылып отыр.
Көп ұзамай бұл жағдайға байланысты Мемлекет басшысы көңіл айтты. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігі өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек бөлінетінін және қаза тапқандардың денелерін туыстары көрсеткен жерге, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдауға көмектесетінін хабарлады. Одан бөлек, Алматы қаласы аумағында жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толық көмек көрсетеді. Сондай-ақ қаза тапқан шетелдік азаматтардың отбасыларына да мәйітті жерлеу орнына дейін тасымалдауға жәрдем жасайды.
Көп ұзамай өрт себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері кірді.
Осылайша төтенше жағдайлар министрі өрт болған жерді қарап шықты. Әрі хостел салудағы норма бұзылғанын мәлімдеді.
«Кәсіпкер жертөлені хостел ретінде қайта жабдықтауға тыйым салу туралы норманы мақсатсыз бұзды. Мемлекеттік органдар тарапынан хостелді ұйымдастыруға рұқсат берілген жоқ», - деді Сырым Шәріпханов.
Өрттің шығуы мен адам өлімінің себептерін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды. ТЖМ жедел тобы жұмылдырылды.