Алматыда соңғы күндері кене шаққан азаматтар саны артқан. Наурыз айының басынан 5 мамырға дейін 518 адам медициналық көмекке жүгініп отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Десе де, ҚазАқпараттың дерегіне сүйенсек, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (579 адам) 10,5 пайызға төмен көрінеді.
“Кене шаққан 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 53,4% (277 бала) құрады. Барлығына дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, көрсеткіштері бойынша кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілді. Жыл басынан бері кене инфекциясы тіркелген жоқ, - дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.
Денеге кене жабысқаны анықталса, мүмкіндігінше тезірек (кене қадалғаннан кейін төрт күннен кешіктірмей) білікті медициналық көмек көрсететін ұйымдарға хабарласу және кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізу қажет.
Кене шаққаннан зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек қаладағы медициналық ұйымдардың келесі травматологиялық пункттерінде көрсетіледі:
Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, 6);
Жедел жәрдем ауруханасы (Қазыбек би көшесі, 96);
№ 4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220);
№ 7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман шағын ауданы, 20);
Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығы (Манас көшесі, 40).
Сондай-ақ, кенелер санын азайту және кене инфекциясының алдын алу мақсатында 1 сәуірден бастап қаланың орман-тоғай, саябақ, алаңқайларында кенеге қарсы профилактикалық шаралардың бірінші кезеңі жүргізілуде.