Алматылық полицейлер қоғамдық көліктерге “102” арнасына шығатын дабыл түймесін орнатуды ұсынды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл Полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус парктерінің өкілдерімен кездесу барысында айтылды. Онда қандай да бір оқыс жағдайда дабыл түймесін басу арқылы бірден «102» арнасына түседі. Сондай-ақ көлік ұйымының диспетчерлік қызметіне де лезде хабар береді.

Бұған қоса қалалық Әкімшілік полиция басқармасының басшылығы автобустардағы бейне және дыбыс жазатын бақылау камераларын жаңартуды ұсынды.

“Басты мақсат – қоғамдық көліктегі кез келген құқық бұзушылыққа “мүлдем төзбеушілік” және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету”, - деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.