Алматыда құрақ көрпе жинау бойынша әлемдік рекорд орнатылды. Ерекше мәдени іс-шара Медеу мұз айдынында өтті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. Мәліметке сүйенсек, Аламан құрақ қауымдастығының ұйымдастыруымен мұзайдын алаңын толық қамтыған құрақ көрпелер бірге жиналған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер Медеуде бас қосты. Ал олардың жұмысын GBR дүниежүзілік рекордтар кітабының өкілдері бағалады.

Global Book of Records дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов бұл бастаманың қалай іске асқанын атап өтті.

"Әлемде әйгілі 4 дүниежүзілік рекордтар кітабы бар. Оның ішінде Global Book of Records мәдени рекордтарға көп көңіл бөледі. Біздің Мумбай мен Дубайдағы офистерімізге Қазақстанның Аламан құрақ қауымдастығынан этно-рекорд тіркеуге ұсыныс түсті. Бізді қызықтырғаны — Қазақстанның барлық 20 өңірінен 660 құрақшы келді. Екіншіден, қазақтың құрақ көрпесінің тарихы 2,5 мың жылға кетеді. Бұл құрақтың ерекшелігі — рекорд орнатуға ұсыныс бойынша құрақ көрпелердің барлығы бір түсті, салмағы мен өлшемі бірдей бір материалдан жасалды. Әлемде бірде бір кітапқа мұндай рекорд тіркелмеген", — дейді ол.

Сонымен қатар бас офицер рекорд тіркеу үшін жиналған құрақтардың өлшемдерін өзі және мегаполиске арнайы келген Чехия мен Францияның мамандар тексерген. Ал қорытынды шешім Мумбай қаласындағы негізгі кеңседе қабылданды.

Ұйымдастырушылар мәліметінше, іс-шараға атсалысқан құрақшылардың ең кішісі 6 жаста, ең үлкені — 90 жаста. Одан бөлек 660 адамның бесеуі ер адам, 24 бала және 17 жасөпірім бар. Ал өңірлер бойынша бастамаға қатысқан ең үлкен делегация Алматы қаласы (93) мен Түркістан облысынан (99).