Суы тартылып, құрдымға кеткен Арал суы қайта көбейіп келеді. Бүгінде бір миллиард текше метр су құйылған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі жазды. Ведомства дерегіне сүйенсек, осылайша Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 млрд текше метрге жеткен. Биыл жарты жылдың ішінде Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келіпті.
"Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-шы отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағын секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 млн текше метр су жіберіледі деп келісті. Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болған", - делінген министрлік ақпаратында.
Солтүстік Аралды оңтүстіктен Көкарал бөгеті бөліп тұр. Осы құрылыс нысаны Солтүстік Аралда су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді. Бөгет пайдалануға берілгеннен кейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 млрд текше метр су келді. Ал соңғы 7 жылда теңізге 13,3 млрд текше метр су құйылды. Соңғы жылдары Солтүстік Аралдың су көлемі азайды. Алайда 2024 жылдың басынан бастап деңгейі қайта көтеріле бастады.