Атырау облысы Қызылқоға ауданы Кенбай ауылдық округіндегі орта мектепте жалғыз ғана оқушы білім алады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, Кенбай ауылындағы бір ғана оқушысы бар мектепте 15 маман жұмыс істейді. Жалғыз бала 3-сыныпта оқиды.
Білім басқармасы мамандарының айтуынша, сол бір бала үшін бүкіл мектепті ұстап тұруға қомақты қаржы кетіп отыр. Әрі тиімсіз екен. Осыған орай бұл мәселені шешу күн тәртібіне қойылған.
Тіпті аталмыш мектепті осыдан 3 жыл бұрын жөндеу үшін 30 миллион теңге жұмсалған.
Мектепті жабу мәселесі де білім басқармасы тарапынан қозғалған. Алайда тұрғындар мектеп жабылса, ауылдағы тіршілік тоқтайды дейді. Ал мектепті алып қалу немесе жабу мәселесі әлі шешілген жоқ.