Ұлытаулық ақсақал жаяулатып Грузияға жетті. Ол әлем елдеріне сапарлау үшін Атырау қаласынан жолға шыққан еді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұлытау облысының тумасы Сәрсенбай Қотырашов Грузияға жеткен бейнежазбасын әлеуметтік парақшасына жүктеген. Онда Гудауридегі қонақүйге қонғанын, жолай азық-түлік дүкені мен мейрамханалар өте аз екенін айтады.
Гудаури – Грузияның астанасы – Тбилисиден 120 шақырым қашықтықтағы кент. Оған Тбилисиден көлікпен 2 сағатта жетуге болады.
Саяхаттау ешқашан кеш емес дейтін 73 жастағы ақсақал 2 тамызда Атыраудан жолға шыққан. Егде жастағы саяхатшы жаяу сапарын 2025 жылдың тамызында аяқтауды жоспарлап отыр. Екі жылға созылатын жаяу сапары үш кезеңге бөлінген.
Бірінші кезеңінде Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне 100 күнде жету. Аталған елдерге дейінгі қашықтық 3 мыңға жуық шақырымды құрайды.
Ал, екінші кезеңде Түркия, Франция, АҚШ елдеріне 180 күндік саяхатын бастайды. Бұл елдерді аралау үшін 9 мың шақырымнан астам жол жүреді.
Үшінші кезеңдегі сапарында АҚШ пен Қытайға, Моңғолияға барады. Одан соң Ресей арқылы Қазақстанға оралуды көздеп отыр. АҚШ-тан Қазақстанға жеткенге дейінгі 130 күнде 4 мың шақырымнан асатын жолды артқа тастайды.