Олимпиадаға кеткен боксшыларымыз алтынмен қуанта ала ма? Қазірдің өзінде үміт артқан спортшылардың басым бөлігі ширек финалға жете алмады. Бүгінде түнде Сәкен Бибосынов та өзбек қарсыласына жол берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
51 келі салмақта ел намысын қорғауға шыққан Сәкен Бибосынов ¼ финалда басты қарсыластарының бірі өзбекстандық Хасанбой Дусматовқа жол берді. Отандасымыз өзбек спортшысымен бұған дейін де бірқатар жарыстарда кездескен. Ең соңғы рет былтыр Азия ойындарының екінші айналымында бокстасып, Дусматов жеңіске жеткен еді.
Дусматов – Рио Олимпиадасының чемпионы, ал Бибосынов – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.
Сонымен қатар бұл түнде 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай да бақ сынаған. Ол ширек финалда әзербайжандық Мурад Аллахбердиевпен кездесті. Нәтижесінде ұтып, қазақ боксшыларынан бірінші болып жартылай финалға шығып отыр. Осылайша Парижге аттанған ерлер арасында жалғыз өзі медальдан үмітті болып отыр.
Бүгінде жалпы медальдар кестесі бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 қола медальмен 25-орынға жайғасты. Ал, жалпы медальдар саны бойынша Қытай құрамасы көшбасшылықты берер емес.