Елімізде биыл әскери борышын өтеуге шақырылған 5 мыңнан аса сарбаздың несиесін төлеу мерзімі тоқтатылған. Бұл шамамен 1,4 миллиард теңге, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов айтты.
“Мерзімді әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге кредиттік демалыстар ұсыну бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, 2022-2023 жылдары 3,2 млрд теңге көлемінде 20 300 кредиті бар сарбаз анықталды. Бүгінгі таңда 8 800 қарыз бен микрокредит бойынша 5 мыңнан астам әскери қызметшінің 1,4 млрд теңге мөлшеріндегі төлемдері кейінге қалдырылды", - деді Бауыржан Артықов.
Сонымен қатар ол биылғы күзгі әскерге шақыру кезеңінде 19 мыңнан аса азаматтың борышын өтеуге шақырылатынына да тоқталды.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі әскерден босату бойынша көмек ұсынатын, ол үшін ақы сұрайтын жандардан сақ болуға кеңес береді.