Президент жарлығымен бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы Ақорда жазды. Ондағы дерекке сүйенсек, экс-премьер жоғары аудиторлық палатасының төрағасы болған. 

“Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы лауазымына тағайындалсын”, - делінген құжатта. 

Айта кетейік, Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы Алматыда дүниеге келген.

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдайды. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алады.

Әр жылдары қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" Ұлттық холдинг президенті, статистика агенттігінің төрағасы, Қазақстан президентінің көмекшісі, қаржы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

2022 жылы қаңтарынан 2024 жылдың ақпанына дейін премьер-министр болды.