Дания билігі қоғамдық орындарда діни мәтіндерді қорлауға тыйым салатын заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Аlataunews.kz-ке сілтеме жасап.
“Заң жобасы Құранды немесе Библияны көпшілік алдында өртегендерге жаза қолданылады. Бұл тек қоғамдық орындардағы іс – әрекеттерге немесе көпшілік орындардағы жасалғандарға байланысты”, – дейді елдің Әділет министрі Питер Хуммельгаард.
Заңды бұзу айыппұлдармен немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады деп жоспарланып отыр.
Данияда шетелдік туларды өртеуге тыйым салу туралы заң бар.
Тамыз айының басында Данияның жеті оппозициялық партиясының өкілдері Үкіметтің Құран өртеніп жатқан наразылық акцияларын заңсыз ету жоспарына қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, бұл елдегі сөз бостандығын бұзады.
Жаз мезгілінде Данияда мұсылмандар үшін қасиетті кітапты өртеп жіберген ұлтшылдардың қатысуымен көптеген акциялар өткен болатын.