Елімізде мектептердегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі. Бұл өзгерісті жаңа оқу жылына дейін дайындау және енгізу жоспары әзірленуде, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Жаңа стандарт бекітіліп қойғанын Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады. Мәліметке сүйенсек, ол 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа тамақтану стандартында балаларды қауіпсіз және сапалы тамақтанумен қамтамасыз ету бойынша халықаралық талаптар ескерілген.
"Артықшылығы - тұзды, қантты және майды тұтынуды азайту, ас мәзірінде көкөністер мен жемістерді көбірек қолдану. Құрамында қанты бар сусындар мен шырындарды газдалмаған суға, сүтке, ашытылған сүтті сусындарға, жеміс шайлары мен компоттарға алмастырады", - делінген ақпаратта.
Тамақтану стандартында ерекше диеталық қажеттіліктері бар оқушыларды тамақтандыру бойынша ұсыным қарастырылған. Сондай-ақ ас блоктары жоқ шағын жинақталған мектептерде тамақтануды ұйымдастыру көзделген.
Бұдан басқа алғаш рет жеуге жарамсыздық индексі (тамақ қалдықтары) тұжырымдамасы енгізілді.