ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) елдегі зейнеткерлер саны қанша екенін нақтылады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Дерекке сүйенсек, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 миллион 328 мың адамды құрайды.

"2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге", – делінген 13 желтоқсандағы хабарламада.

Елімізде 2023 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен 3 триллион 33,7 миллиард теңге зейнетақы төленсе, оның 930,6 миллиард теңгесі базалық зейнетақыны төлеуге, 2 триллион 103,1 миллиард теңгесі ынтымақты зейнетақыға бағытталған.

Ведомство 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріле отырып, жеке тағайындалатынын еске салды. Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақтастығы жүйесінде әзірленген еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер кіреді.

Ал міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым жүйелі және толық көлемде төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым жоғары болады.