Дзюдодан Қазақстан командасының белді мүшесі Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Байрақты бәсекеде ел жалауын көтерген спортшыны Мемлекет басшысы құттықтады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Елдос Сметов Париж Олимпиадасында ел қоржынына алғашқы алтын медальді сыйлады. Қазақ балуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.
Ол бұған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс алған еді. Ал Токиодағы ойындарда үздік үштікті түйіндеген. Енді бүгін көптен күткен алтын медальға қол жеткізіп отыр.
Спортшымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телефон шалып, оны Олимп шыңын бағындыруымен құттықтады
“Қазақтың рухын, жалпы халқымыздың мықты мінезін көрсеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, тамаша жеңіске жеттің, нағыз жігітсің! Сен сияқты жігіттердің арқасында туымыз әрқашанда асқақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістерге жете бер. Саған және отбасыңа аманшылық тілеймін. Астанада кездескенше!” – деді Президент.