Ресей Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді. "Ақорда" резиденциясында Владимир Путинді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы Ақорда жазды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Мұнан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысты. Ел Президенті Өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді.

“Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы ресейлік компаниялар. Біз экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келеді. Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады. "Татнефть" компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған Форумның Қостанай облысында, яғни Қазақстанның нағыз астықты өлкесінде өткізілуінің символдық мәніне назар аударып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды. 

Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы осы екі мемлекетке тиесілі.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған екі елдің күш-жігерін үйлестіру маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы бірлескен нәтижелі жұмысқа атсалысқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге, Форумның ресейлік және қазақстандық қатысушыларына алғыс айтты.