Елімізде авторлық құқықты бұзғаны үшін айыппұл салу енгізілмек. Жаңа заң негізінен авторлық әндердің жосықсыз ұрлануына байланысты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Закон-ға сілтеме жасап. 

Дерекке сүйенсек, Әділет министрлігі әнді шығарма авторының рұқсатынсыз караокеде қосуға айыппұл салуды ұсынып отыр. Олар келушілерді емес, тек мекеме иелерін жазаламақ. 

"Мысалы, ұялы телефонды немесе көлікті ұрлау туралы айтсақ, біз бәріміз мұның заң бұзушылық екенін, оның заңсыз екенін, бұл үшін қандай да бір жауапкершілік болуы керек екенін түсінеміз. Ал зияткерлік меншік объектілерін заңсыз пайдалануға келгенде кей пайдаланушылар бұл үшін де жауапкершілік болуы мүмкін екенін түсінбейді", - деп түсіндірді ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры Шолпан Әбдіреева.

Бөтеннің зияткерлік меншігін пайдаланғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері әлі белгісіз. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінде авторлық құқықты бұзғаны үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Биыл осындай жеті жағдай ғана тіркелсе, оның екеуі плагиатқа қатысты.

Әділет министрлігі заң жобасын парламенттің қарауына 2024 жылдың көктемінде енгізуді жоспарлап отыр.