Қазақстанда баспана кезегінде тұрған адамдардың жартысы талапқа сай келмейді. Жақын күндері 300 мыңы тізімнен шығарылып тастауы мүмкін, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жазды. Мәліметке сүйенсек, бүгінде республика бойынша 650 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде 255 140 жуығы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарға жатады екен. 

"Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімін жыл сайынғы түгендеу Қазақстанда 300 мыңға жуық адам тізімнен шығарылуы мүмкін екенін көрсетті. Яғни, тізімде талапқа сай келмейтін, баспанасы бар немесе заң бойынша тұрғын үй алуға өтініш беруге құқығы жоқ адамдар бар", - дейді министрлік мамандары.

Жыл басынан бері әкімдіктер жалпы саны 32 931 азаматты кезектен шығаруға шешім қабылдады. Әрбір өңірде тізімнен шығару себептері ұқсас. Олар:

  • - кезекте тұрған адамның және оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктің болуы;
  • - кезекте тұрған адамның отбасы мүшелері туралы деректердің сәйкес келмеуі;
  • - әлеуметтік жағдайының сәйкес келмеуі (толық емес отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедектер және т.б.);
  • - мемлекеттік қызметші мәртебесінің сәйкес келмеуі (АЖ-де ekyzmet болмауы);

Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап министрлік kezekte.kz ақпараттық жүйесін әзірлеушілермен бірлесіп, сәйкессіздіктер анықталған адамдарға жеке деректерін жаңарту қажеттілігі туралы SMS хабарлама жіберуге шешім қабылдады. Соның нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерге мәліметтерді жаңарту үшін белсенді түрде келе бастады. Бүгінгі таңда 34 мың азаматты кезектен шығару туралы шешім қабылданды. Мамыр айынан бүгінге дейін 17 000 азамат кезектен шығарылды.