Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов елдегі несие мәселесін қозғады. Айтуынша, қазір халықтың 84 пайызы кредиттің қамытында отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Қошановтың айтуынша, 8,4 миллионнан астам адамның банк алдындағы қарызы бар. 

“Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды.Бүгінгі жиында біз осы түйткілді жан-жақты талқылаймыз. Осы мақсатта жауапты органдарды – Үкімет мүшелерін, агенттіктер мен құзырлы мекемелер басшыларын арнайы шақырдық. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Менің өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр”, – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы кейінгі бір жарым жылда несиеге батқан халықтың көрсеткіші 27 пайызға артқанына да тоқталды. 

"90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді",– деді Қошанов.