Елімізде соңғы 12 жылда некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 6,6 миллионнан 8,2 миллионға дейін өскен. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықтың көші-қоны, неке және отбасы, сондай-ақ үй шаруашылықтары бойынша кезекті жинақтарын шығарған. Онда аймақтар, жыныс және жас құрамы бөлінісіндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ соңғы екі санақ арасындағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халықтың 60,9% некеде болған, осылайша некеде тұрған азаматтардың саны 8,2 млн адамды құрады. Оның ішінде 9% – қайта неке құрғандар. Жалпы халықтың 28% – ешқашан үйленбеген, 5,3% – жесір, ал қалған 5,8% – ажырасқандар.
2009 жылмен салыстырғанда ішкі көші-қон ағыны өсті
Ішкі көші-қон көлемі 2009 жылы 2,3 млн адамнан 2021 жылы 2,6 млн адамға дейін ұлғайды. Қазақстандықтар Алматы қаласына (357,9 мың адам), Алматы облысына (286,1 мың адам) және Астана қаласына (283,5 мың адам) көп қоныс аударған.
Қызылорда және Атырау облыстарына халықтың ең аз саны – тиісінше 72,9 мың және 72,5 мың адам көшіп барған.
Бұл ретте, өз елдімекенінен көшіп кетушілердің ең аз саны Маңғыстау облысында (71,8 мың адам), ал керісінше тұрғындары көп көшіп кеткендер саны бойынша Алматы облысы көш басында – 307,8 мың адам.