Елімізде тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Осылайша баспанасыз тұрғындардың пәтер алуына мүмкіндік ашылмақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бағдарлама “Отбасы банк” арқылы жұмыс істейді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасының басты ерекшелігі салымшының депозит (Отбасы банкіндегі депозит) мерзіміне қарамайды. Яғни бүгін депозит ашып, ертең бағдарламаға қатысуға болады. Бірақ депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс. Тағы бір талап қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік (тұрғын үй, жер телімі тағы сол сияқты) болмауы қажет.

Отбасы банк өкілдерінің айтуынша, жаңа ипотекалық бағдарлама мамыр айынан бастап іске қосылады. Несие мерзімі – 19 жыл (20%). 

“Наурыз” деп атау алған бағдарлама тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға несиені 7%, ал кезекте тұрмағандарға 9% береді. Тұрғын үй бағдарламасына 18-62 жас аралығындағы Қазақстан азаматы қатыса алады. 

Сондай-ақ, қатысушы «Отбасы банкінде» депозиті бар салымшы болуы және табыс көзін растауы міндетті.

Өтініш 2024 жылғы 1 мамырдан бастап otbasybank.kz (баспана маркет платформасы) сайты арқылы онлайн форматта қабылданады. Өтініштерді қарау барысында депозиттің ашылу мерзімі, ондағы сома мен сыйақы көлемі және қатысушының отбасылық жағдайы ескеріледі.

«Отбасы банкі» өкілдерінің айтуынша, «Наурыз» тұрғын үй ипотекасына 300 млрд теңге бөлінеді және тұрғын бағдарламасы 7-8 жылға жалғасады. Айта кетсек, Астана, Алматы, Шымкент қаласы және облыс орталықтарында тек алғашқы нарықтағы тұрғын үйлер ұсынылады.