Елімізде алтын мен күмістің қанша тонна қоры бары белгілі болды. Мұндай мәліметті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ведомство агенттің сауалына елімізде барланған алтын мен күміс қорына қатысты мынадай ақпар ұсынған.

"Пайдалы қазбалардың мемлекеттік есебінің 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметіне сәйкес алтын қоры — 1,4 мың тонна, күміс қоры — 29,1 мың тонна", — делінген жауапта. 

Министрлік мәліметінше, өткен жылы 9 айда уәкілетті ұйым бағалы металдар мен асыл тастан жасалған зергерлік бұйымдарды өндіретін 199 заңды және жеке тұлғаны тіркеген.

"Оның ішінде елімізде өндірілген алтын мен күмістен зергерлік бұйым жасайтын негізгі кәсіпорындар мыналар: "Қазақювелир" АҚ, "ЮП Жемчужина" ЖШС, "Алматинский ювелирный завод" АҚ, "Aisafi" АҚ, "Diamond Exclusive" АҚ, "Адамант Сервис" АҚ, "Зергер Плюс" ЖШС, "Kazyna Gold Jewelry" ЖШС, "KY Factory" ЖШС, "Senat Gold" ЖШС, "SILVER PRICE" ЖСШ, "ЮФ Тенгри Голд" ЖШС, "ADAMI" ЖК, "Т.Р.З.К." ЖК және "Кристалл-L" ЖК", — деп атап өтеді миинстрлікте.