Қазақстанда шұғыл қызметтер тізімі тағы бір байланыс нөмірімен толығады. Ол бойынша елдегі әйелдер мен балалар өз құқықтарын қорғай алады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Жоба "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Құжатта әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі "111 Аманат" байланыс орталығы пайда болатыны көрсетілген.
“Байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылуы тегін болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария және басқа да қызметтердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі № 929 қаулысына мынадай толықтыру енгізілсін. Көрсетілген қаулымен бекітілген байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылуы тегін болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария және басқа да қызметтердің тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 10-жолмен толықтырылсын, - делінген бұйрық жобасында.
Атап айтқанда тізім "отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі "111 Аманат" байланыс орталығымен" толығады.
Жобаның негізгі мақсаты – ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық, психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселе бойынша бастапқы консультациялар өткізу үшін әрбір азаматқа тегін қосылу байланыс қызметтерін ұсыну.
"111" бірыңғай нөміріне ересектер мен балалар қоңырау шала алады. Азаматтар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар құқығының бұзылғаны, өмірі мен денсаулығына төнген қауіп және тағы басқалар туралы хабарлай алады.
Жоба 18 қыркүйекке дейін қоғам талқысына шығарылды.