Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздегі рейтингі ең жоғары университеттерді атады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ведомства дерегіне сүйенсек, 2024 жылғы 5 маусымда QS Quacquarelli Symonds жоғары білім саласындағы халықаралық талдау агенттігі әлемнің үздік университеттері рейтингінің 2025 жылғы жаңа шығарылымын – QS World University Rankings-2025 шығарған. Бұл тізімге Қазақстан рейтингте 21 жоғары оқу орнымен ұсынылды. Нәтижесінде оның бесеуі жақсарып, төртеуі өз позицияларын сақтап, 12-сі төмендеп кеткен. 

“Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы болып қала береді және 163-ші орынға ие болып, әлемнің үздік 200 жоғары оқу орнына оралды. Бұл өткен жылғы нәтижеден 67 позицияға жақсы. Сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ (355 орыннан 321 орынға) және Сәтбаев университетінің (481 орыннан 405 орынға) көрсеткіштері жақсарды”, - делінген министрлік жауабында. 

Сонымен қатар, министрлік Абай атындағы ҚазҰПУ-да да жақсы көрсеткіш байқалғанына тоқталған. Қалған жоғары оқу орындары былтырғы позицияларында қалып отыр. 

“Рейтингте Қазақстан беделді индикаторлар – академиялық бедел және жұмыс берушілер арасындағы бедел бойынша көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруымен атап өтілді. Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстан "Жұмыс берушілер арасындағы бедел" индикаторы бойынша ең жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұған Орталық Азия өңірінің әрбір еліндегі рейтингке қатысушы барлық жоғары оқу орындары үшін осы индикатор бойынша есептелген орташа мәндер дәлел бола алады.”, - деді министрлікте.