Еліміздегі ірі кен орындарда мұнай өндіру қысқарды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Министр кеңесшісі Шыңғыс Ілиясовтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына және Каспий құбыр консорциумында (КҚК) қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты еліміздің ірі кен орындарында мұнай өндіру қысқарған.

"Қазір еліміздегі ірі кен орындарында өндіру көлемінің төмендеуі 56% болып отыр. Энергетика министрлігінде жағдайдың қанша уақытқа дейін қалыпты жағдайға келетіні туралы деректер жоқ. Жақын арада қысқарту және өндірісті түзету өз деңгейінде қалады. Ауа райы жағдайларына және КҚК қабылдауға шектеулерге байланысты Теңіз кен орнындағы тәуліктік мұнай өндіру 39 мың тоннаға дейін төмендеді, бұрын бұл көрсеткіш тәулігіне 84 мың тонна болатын", - деді Шыңғыс Ілиясов.

 2023 жылғы 27 қарашада Новороссийск теңіз портындағы дауылды жел мен күшті толқындарға байланысты Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалы арқылы экспортталатын қазақстандық мұнайды жөнелтуді тоқтатқаны белгілі болды. Терминал орналасқан Новороссийск теңіз портында боран салдарынан мұнайды ауыстырып тиеуге бірнеше рет шектеу жарияланғаны хабарланды.