Жыл басынан бері елімізде теміржол арқылы 13,5 миллион жолаушы тасымалданыпты. Басым бөлігі Астанаға билет алған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады. Онда 2023 жылғы қаңтар-тамызда теміржол көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 13,5 миллион адамды құрағаны, әрі бұл көрсеткіш 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға артық екені көрсетілген.
Жолаушылардың басым бөлігі, яғни 42,2 пайызы жаз айларында тасымалданған. Мысалға маусым айында 1,7 миллион жолаушы, шілдеде 1,9 миллион, ал тамыз айында 1,9 миллион жолаушы пойызбен жол жүріпті.
Жолаушылар таңдаған ең танымал бағыт – Астана, 8 ай ішінде елордаға 3,7 миллион жолаушы билет сатып алған. Одан кейін жиі барған өңір Ақтөбе облысы – 1,2 миллион жолаушы, үшінші танымал бағыт – Қызылорда облысы, 1 миллион жолаушы.
2023 жылғы қаңтар-тамызда теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдаудан түскен табыс 82,7 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға көп.