Жапонияның орталық бөлігінде Исикава префектурасындағы Ното түбегінде бірнеше жойқын жер сілкінісі тіркелді. Соңғы дерекке сүйенсек, қаза тапқандар саны 30-дан асқан, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Kyodо агенттігінің дерегіне сүйенсек, зардап шеккендердің барлығы әлі құтқарылмаған. Ондағы жолдардың зақымдануына байланысты халықты құтқару қиынға соғып жатыр. Исикава префектурасының салыстырмалы түрде шалғайдағы Ното түбегіндегі ең қатты зардап шеккен аймаққа мыңдаған әскери қызметкер, өрт сөндіруші мен полиция жіберілді.

Дүйсенбі күні Жапонияның орталық бөлігінде Исикава префектурасындағы Ното түбегінде 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Көптеген ғимараттар қирап, он мыңнан аса адам жарықсыз қалды. Жапон үкіметінің мәліметінше, 97 мыңнан астам адам эвакуацияланып, түнді шұғыл эвакуация орталықтары ретінде пайдаланылатын спорт залдары мен мектептерде өткізді.