Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі Қазақстан халқына жолдауынан кейін Үкімет құрамы жаңарды. Тіпті 4 министрлік қайта жасақталып, бес жаңа министр пайда болды.
2022 жылдың қаңтарында Үкімет басшысы болған Әлихан Смайылов өз орнын сақтап қалды. Оның бірінші орынбасары Роман Скляр да лауазымынан босаған жоқ. Ал бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Сауда және интеграция министрі болған Тамар Дүйсенова мен Серік Жұманғарин тек вице-премьер қызметін атқарады. Сонымен қатар Үкімет басшысының тағы 3 орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қосымша Үкімет аппаратының жетекшісі міндетін атқарса, Мұрат Нұртілеу Сыртқы істер министрі қызметінде. Ал Ерұлан Жамаубаев қаржы министрі.
Жаңа жасақталған Үкіметте 4 министрлік құрылып, 5 жаңа министр лауазымға келді. Қайта құрылған экология және табиғи ресурстар министрлігін Ерлан Нысанбаев басқарады. Ол осы жылдың басында министр болып тағайындалған Зүлфия Сүлейменованың орнына келді.
Экология министрлігі оның құрамынан су ресурстары және ирригация министрлігін бөліп, оған су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қызметтер мен өкілеттіктерді беру арқылы қайта құрылды. Жаңа министрлікті Нұржан Нұржігітов басқарады. Нұржігітов тағайындалғанға дейін Жамбыл облысының әкімі болды.
"Бәйтерек" холдингінің бұрынғы басшысы Қанат Шарлапаев индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен бөлінген өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды.
Ал тағы бір жаңа құрылған көлік министрлігіне Марат Қарабаев келді. Ол бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған.
Сурет: Спутник
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәдениет және ақпарат министрлігі болып қайта құрылды. Жаңа ведомствоны Аида Балаева басқарады.
Мәдениет және спорт министрлігі туризм және спорт министрлігіне айналды. Министр болып Ермек Маржықпаев тағайындалды.
Сауда және интеграция министрлігіне сол ведомство басшысының орынбасары қызметін атқарған Арман Шаққалиев жетекшілік етеді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың орнына оның орынбасары Ержан Сәденов тағайындалды.
Бұған дейін ҚР президенті жанындағы халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған Светлана Жақыпова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды.
Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне Айдарбек Сапаров келді.
Қалған 9 министр өз орындарында қалды.