Елімізде жаңа үлгідегі жеке куәліктер шығарыла бастады. Бұл туралы ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Министрлік дерегіне сүйенсек, жаңа үлгідегі жеке куәліктер 15 маусымнан бастап қолданысқа енгізілген.
Жаңа үлгідегі құжаттың ерекшелігі - жеке куәлік иесінің азаматтығы мен жынысы туралы деректер көрсетіледі. Бұрын бұл мәліметтер жеке куәлікке салынған чипте болған.
Жеке куәліктің жаңа дизайны бюджеттен шығын талап етпейді және азаматтардың жаңа құжаттарды шығару үшін төлейтін мемлекеттік баж мөлшеріне әсер етпейді (2024 жылы мемлекеттік баж мөлшері 738,4 теңгені құрайды).
Жарамдылық мерзімі аяқталмаған жеке куәліктер бұдан әрі де жарамды болады. Қазақстандықтар жаңа дизайнды жеке куәліктерді тек алдыңғының мерзімі аяқталған кезде немесе оларды басқа да себептермен ауыстыру кезінде ала алады. Яғни, бір мезгілде жаппай құжат ауыстыруға болмайды.
Еске салайық, бұған дейін елімізде жаңа үлгідегі жеке куәліктер шығарылатынын және оның қандай ерекшеліктері барын кеңінен жазған едік.