Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жеке меншік мектептерге қатысты өзгерістерді жариялады. Енді мемлекеттік мектептерде орын болмаса, жеке меншік мектептерге барған балалар үшін қаржы бөлінбек, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұған дейін президент жеке меншік мектептердің жұмысын сынға алған болатын. Себебі оқушы санын артық көрсету арқылы мемлекет қаржысын ұрлау фактілері жиілеп кеткен. Ал премьер-министр Бектенов жаңадан ашылатын жеке меншік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мараторий енгізуді тапсырды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, наурыз айында лицензиядан кейінгі тексеріс шаралары басталады. Оны бас прокуратура әкімдіктермен бірге өткізеді.
"Олар балалардың қауіпсіздігін, білім беру қызметтерінің сапасын, сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді. Егер барлығы сай болса, жұмысты жалғастыра беруге болады", - деді Сүлейменова үкіметтегі брифингте.
"Тағы айтайын, егер жеке меншік мектеп барлық заңды талапты сақтап отырса, онда ары қарай жұмыс істей береді", - деді министр.
Айта кетері, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі бастапқыда тойхана, ал Шымкентте сауда орталығы ретінде көрсетілген. Ал кейбір жекеменшік мектеп жоқ оқушы үшін мемлекеттен қаржы алып келген.
