Елімізде ең төменгі жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинағын алу жағдайы әлі де жалғасып жатыр. Бірақ қарқын былтырғыдай емес көрінеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осы жылдың екінші жартыжылдығында да ел азаматтары зейнетақы қорындағы ең төменгі жеткіліктілік шегінен асқан қаражатын алып жатқанына тоқталды. 

“Бұл ретте стоматологиялық ем алу немесе баспана жағдайын жақсарту бөлігінде тыйым салуға қатысты ешқандай реформа көзделіп отырған жоқ”, — деді Светлана Жақыпова.

Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жүйесіне қатысты жұмыс тобында БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу талаптарын күшейтуді пысықтап жатқанын айтқан болатын. Әсіресе, медициналық қызметке, стоматологияға қаражат керек деген желеумен мәліметтерді бұрмалаудың түрлі жағдайы кездесіп жатқанын, бірақ қаражатты басқа мақсаттарға алғанын мысалға келтірген. Мұндай іс-қимылдарға жол бермес үшін талаптарды күшейту керек деп дабыл қаққан болатын. Бірақ министр әзірге ешқандай өзгеріс болмайтынына тоқталды.