Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне халқымыздың адал ұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Салтанатты шарада сондай-ақ, бюсті де ашылып отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Аталмыш өнер мектебі 2015 жылы қолданысқа берілген. Содан бері мұнда балалар 3 бағыт, 9 мамандық бойынша білім алады. Домбыра, баян, қобыз, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, фортепиано, хореография, бейнелеу және мүсін, бейнелеу және графика, қолөнер және ағаш бұйымдарын жасау, сәндік қолданбалы өнер, сонымен қатар түрлі үйірмелердің бағыттары бойынша жұмыс істейді.
Қосымша - кәсіби білім беру мектебінде 44 жоғарғы білімді мұғалім жұмыс істейді. Бүгінде бала саны 890 оқушыға жеткен. Соған байланысты аудан ауылдарында өнер мектебінің бөлімшелері ашылған. Атап айтқанда Жалағаш, Жылысай, Ұзынбұлақ, Ақсай, Жалаулы, Тұйық, Қарқара, Бөлексаз, Талды, Шырғанақ, Тасашы ауылдық интернаттағы балаларды қосымша білімге тартып салт-дәстүрге, өнерге деген құлшыныстарын арттырып, әр түрлі мамандық бойынша білім алып келеді.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында Шырғанақ ауылынан ата – аналардың сұранысы бойынша домбыра сыныбы ашылды.
Мектептің 38 оқушысы халықаралық байқаулардан, 176 білім алушы Республикалық байқаулардан, тағы 158-і облыстық, 82-сі аудандық, әрі 63 өнерпаз аймақтық байқаулардан жүлделі орындарға ие болған.
Салтанатты шара аясында, сонымен қатар Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтің «Не только о себе» кітабын тарату рәсімі өтеді.