Ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестік топтың жолын кесті. Олар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен жармақ болған, - деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев Астанада өтіп жатқан ШЫҰ отырысында айтты.
“Жыл сайын кем дегенде 2 террористік шабуылдың алды алынады. Мысалы, биыл ғана дайындықтың ерте кезеңінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен жарудың жолы кесілді. Сондай-ақ, Астанада адамдар жаппай жиналған жерлерде қарулы шабуыл жасау әрекеттері тоқтатылды. Бізге келіп түскен ақпарат “ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін террористік қатерлердің қалыптасуы бірқатар үстем фактордың әсерінен болады” деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді”, - деді Руслан Сейсембаев.
Бүгін бас қалада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) өңірлік терроризмге қарсы құрылым РАТС кеңесінің 40-отырысы өтіп жатыр.