Елімізде мектеп оқушыларын тамақтандырудың жаңа стандарты бекітілді. Жаңа стандартқа сәйкес, жаңа піскен көкөністер, жемістер мен табиғи өнімдердің үлесі артады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Денсаулық сақтау министрлігі биыл жаңа оқу жылынан бастап күшіне енетін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты мен көп нұсқалы үлгілік мәзірді бекітті. Мәзірде балалардың физиологиялық қажеттіліктері мен калория ескерілген.
"Сондай-ақ стандарт шағын жинақталған мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және қант диабеті, тамақ аллергиясы, целиакия ауруы, лактоза жеткіліксіздігі және басқа да аурулар сияқты ерекше диеталық қажеттіліктері бар балаларды тамақтандыруға қойылатын талаптарды қамтиды", - дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова.
Бұдан былай балабақшаларда, мектептерде, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ білім беру-сауықтыру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдері қолданылады.
Жаңа стандартқа сәйкес, диетада қант, тұз және май мөлшері едәуір азаяды. Ал құрамында табиғи емес өнімдер мен тұз бен қант көп болатын өнімдер, атап айтқанда, шұжық өнімдері, ысталған ет, қант қосылған шырындар, спредтер, дәм мен иісті күшейткіші бар өнімдер алынып тасталады. Соның орнына жаңа піскен көкөністер, жемістер мен табиғи өнімдердің үлесі артады.
Ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептерде ыстық бутербродтан, ашытылған сүт өнімінен, маусымдық жемістерден және сусыннан (сүт, айран, итмұрын сусыны, кептірілген жемістер, жидектерден) тұратын ланч-пакеттер дайындалады.
Қазіргі кезде мектеп әкімшіліктерін, медицина қызметкерлерін, тамақтану қызметтерін жеткізушілерді және бракераждық комиссияның мүшелерін онлайн оқыту жүргізіліп жатыр.
Әзірленген мәзір санэпидбақылау комитетінің ресми сайтында орналастырылды және білім басқармалары мен бизнес субъектілерін хабардар ету үшін оқу-ағарту министрлігіне жіберілді.