Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан жекелей бәсеке өз мәресіне жетті. Еркін бағдарламада қазақстандық Михаил Шайдоров жарыс жолына шығып, сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Отандасымыз «Confessa» және «The Diva Dance» әнін таңдады. Сонымен қатар, Михаил алғашқы техеикалық элементке үштік аксель, бір эйлер және төрттік сальхау жасап, сәтті орындап шықты. Қорытындысында, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы техникалық элементтер орындаудан 114.68 ұпай, ал бағдарлама компоненттерін орындауда 83.96 ұпай еншіледі. Осылайша, Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадағы 92.94 ұпай және еркін бағдарламадағы 198.64 ұпайды қосқанда 291.58 ұпаймен бірінші орыннан көрініп, қысқы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алды. Жапондық Юма Кагияма және Сюн Сато үздік үштікті түйіндеді.

Өз кезегінде спортшы жеңіс жолының оңай болмағанын айтты.

"Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым — өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұл медальді Қазақстан халқына арнаймын. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалаймын. Менің медалім Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Еліміздегі мәнерлеп сырғанау спортының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын", — деді Олимпиада чемпионы.

Қазақстан өз тарихында мәнерлеп сырғанау спортынан екінші Олимпиада жүлдесін еншілеп отыр. Осыған дейін Денис Тен 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған еді.