Елдегі жол қозғалысы ережесіне тағы да өзгеріс енгізіліп отыр. Тиісті заңға президент қол қойған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Спутникке сілтеме жасап.
2025 жылы сәуір айынан бастап бірқатар шектеулер күшіне енеді.
Мопедке куәлік пен нөмір алу керек
Бұдан былай мопедтер ғана емес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын барлық көлік құралдар тіркеуге жатады. Мемлекеттік нөмір де беріледі.
Мопедті басқару үшін "А1" кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. "А" және "В" санаттары болса да, мопедті басқару құқығын растау міндеті бар.
Заң жарияланған сәттен бастап мопед иелеріне жүргізуші куәлігін алуға 6 ай уақыт беріледі. Президент осы заңға 3 қазанда қол қойды. Демек, 2025 жылы 4 сәуірден бастап барлық мопедтің нөмірі, ал иесінде "А1" кіші санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт.
Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы мопедтердің қатысуымен 750 жол апаты болып, 39 адам қаза тапты. Бұдан бөлек, 730 адам жарақат алған. Бір жылдан кейін жол апаттары көбейді, қаза тапқандардың саны да өсті. Осыған байланысты заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, мопедтерді тіркеу міндеті бекітілді.
Орташа жылдамдықты есептейді
Жол қозғалысы ережесіне енгізілген тағы бір өзгеріс - орташа жылдамдықты есептеу. Себебі бүгінде көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдарда қатты жүреді. Ал камераларға жақындағанда жылдамдықты азайтады да, өтіп кеткеннен кейін қайтадан газға басады. Соның салдарынан жол-көлік апаттары азаймай отыр. Осыған байланысты көліктің орташа жылдамдығын есептеуге шешім қабылданды.
Орташа жылдамдықты есептеу тәртібі мынадай: трассаның басында және аяқ жағында бейнекамералар бар, бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді, екі камераның уақытымен автоматты түрде көліктің трассамен жүрген орташа жылдамдығы есептеледі, көлік жүргізушісі орташа жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады.
Жылдамдық режимін сағатына 60 шақырымға және одан артық асырғаны үшін 40 АЕК (2024 жылда – 147 680 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал осы құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері 60 АЕК-ке (2024 жылда – 221 520 теңгеге) өседі.
Айта кетері, қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.
Электосамокаттармен жүру бағытын бекітуге болады
Тағы бір маңызды норма – әкімдерге электросамокаттардың қызметін реттеу жөніндегі өкілеттік беріледі.
"Олар қандай да бір қосымша ережелер бекіте алады: қай жерде жүруге болады, қай жерде болмайды, қай уақытта олардың қозғалысына тыйым салынады және тағы басқа", - дейді мамандар.
Заң бойынша электрсамокаттар жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейінгі көліктерге жатады. Онымен велосипед жолағымен де, жолдың жиегімен де шектеусіз жүруге болады. Сонымен қатар электрсамокаттарға жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне рұқсат етіледі.
Мопед пен электрсамокатқа қатысты шектеулер
Заң бойынша мопед пен электрсамокат мінетіндерге велосипедшілермен бірдей шектеу белгіленген. Жол жүру ережесіне сәйкес, бірнеше талапты қатаң сақтауы қажет. Оны бұзған жағдайда айыппұл салынады.
Негізгі шектеулер:
- ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүруге;
- жолаушы тасымалдауға (велосипед пен мопедтердерде арнайы орын болуы шарт);
- ұзындығынан немесе енi жағынан 0,5 метрге артық шығып тұратын жүктердi немесе басқаруға кедергi келтiретiн жүктердi тасымалдауға;
- велосипед жолағы болғанда жолмен жүруге;
- трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға;
- велосипедпен немесе мопедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтер мен велосипедтерді, сондай-ақ электрсамокаттарды сүйретуге тыйым салынады.
Сондай-ақ велосипед жолағы мен жол қиылысқан жерде бағдаршам болмаса, көлікке жол беру керек.