Франция астанасы Париж қаласында жарты айға жалғасқан Жазғы Олимпиада ойындары соңына жетті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Спутникке сілтеме жасап.
Жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеде басталып, 11 тамызға дейін жалғасқан. Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында спорттың 25 түрінен сынға түсті. Еліміздің атынан 80 спортшы 92 жолдама жеңіп алған болатын. Қазақстандық спортшылар бокс, дзюдо, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннистен сынға түсті. Сондай-ақ олар велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен жарыс жолына шықты.
Салтанатты шара "Стад де Франс" стадионында өтті. Ойындардың төрт дүркін жеңімпазы Леон Маршан алауды жағып, "Стад де Франсқа" қарай бет алды.
Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді. Осылайша 43-орынға тұрақтады. Ел қоржынына жалғыз "алтынды" Елдос Сметов салды.
Келесі Олимпиада ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.