Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында Құранды өртеу әрекеттеріне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Ақорда жазды. Онда Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшы ұсынған “Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін” қолдайтынын, әрі бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керегіне тоқталды. Сонымен қатар жақында Еуропа мемлекеттерінде Құранды өртеу әрекеттерін де сөз етті.
“Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс”, - деді Президент.
Тоқаев осы орайда келер жылы өтетін Болашақ саммитінде Қазақстан қолдаушы рөлін атқаратынын атап өтті.
“Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқарады, - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Данияда құран кітабы өртеліп, кейін билік қоғамдық орындарда діни мәтіндерді қорлауға тыйым салатын заң жобасын ұсынғанын жазған едік.