“Ұлттық қор - балаларға” жобасы аясында берілетін ақша жаңа жылдан бастап аударылады. Бұл туралы Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін қаражат мәселесін айтты. Сөзінше биыл бірқатар салада жалақы көтерілген.
"2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. "Жайлы мектеп" жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды", - деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев бүгінге дейін көп жұмыстардың атқарылғанын әрі болашақта да жалғасын табатынына тоқталды.