Мемлекет басшысы шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасын Польшада өткен командалық әлем чемпионатында күміс медальға ие болуымен құттықтады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Президент құттықтауын Іnstagram-дағы парақшасында жазды. Онда мемлекет адамның ой-өрісін жетілдіретін бекзат өнерді дамытуға барынша қолдау көрсете беретініне тоқталған.
“Шахматтан Қазақстан құрамасын әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында тұңғыш рет күміс медальға ие болуымен құттықтаймын! Бұл – еліміздің шахмат тарихындағы айтулы оқиға. Байрақты бәсекеде қыздарымыз асқан шеберліктің және жеңіске деген шексіз ерік-жігердің озық үлгісін көрсетті. Сіздердің тамаша жетістіктеріңіз шахмат спортын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпақтың оған деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық. Мемлекет адамның ой-өрісін жетілдіретін бекзат өнерді дамытуға барынша қолдау көрсете береді. Еліміздегі кәсіби және әуесқой шахматшыларға тек жарқын жеңістер тілеймін! – деп жазды Президент.
Айта кетейік, шахматтан 2023 жылғы командалық әлем чемпионаты Польшаның Быдгощ қаласында өтті. Онда 12 команда бақ сынады. Турнир 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бірақ Қазақстан бұған дейін ширек финалдан әрі асып көрген емес.
Биылғы Ұлттық құрама сапында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова және Әмина Қайырбековалар өнер көрсетті.
Финалда қазақстандық шахматшылар Грузия құрамасына жол берді.