Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “QazaqGaz” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Ақорда жазды. Онда Санжар Жаркешов ұлттық компанияның биылғы бірінші жартыжылдықтағы негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері және газ саласын реформалау жұмыстарының барысы туралы есеп бергені айтылады. Сондай-ақ, “QazaqGaz” ҰК” акционерлік қоғамы 2022 жылдың басынан бастап Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында өз қаражаты есебінен сомасы 400 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асырғаны жөнінде баяндады.
Былтыр жыл басынан бері ұлттық компания халық пен бизнес үшін газ бағасын 389 миллиард теңгеге субсидиялаған. Осы кезеңде 450 мыңға жуық қазақстандық табиғи газға қол жеткізген.
Сонымен қатар компания төрағасы газ тапшылығы мәселесінің шешілуіне тоқталып, Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральды газ құбырының екінші желісіне қатысты жобаның жүзеге асырылу барысы және Қытай Халық Республикасымен жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылуы жөнінде ақпарат берді.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарыққа газ жеткізуді тұрақты түрде қамтамасыз етуге, жылыту маусымына уақтылы дайындалуға, үнемді тұтыну тұжырымдамасын енгізуге және баға белгілеу ісін реформалауға бағытталған бірқатар тапсырма берді.