Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақтелеком” АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы Ақорда жазды. Онда Қуаныш Есекеевтің Президентке “Қазақтелеком” компаниялар тобының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған қызметінің негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері туралы есеп бергені жазылған. 

Яғни еліміздің телекоммуникация саласындағы ірі операторының былтырғы осы кезеңмен салыстырғандағы табысы 10 пайызға, ал таза пайдасы 16 пайызға өскен. Сондай-ақ 5G желісін құру – “Қазақтелеком” үшін басымдықтардың бірі саналады. Бұл бастама аясында 2027 жылға қарай бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам базалық станция салынуға тиіс көрінеді. 

Компания басшысы осы жылдың соңына дейін бесінші буын желісінің 782 базалық станциясын салу жоспарланып отырғанына тоқталып, Әзербайжанмен бірлескен жоба аясында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық желі салу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады. Әрі “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы аясында компания 1200-ге жуық ауылды оптикалық технологиялар арқылы интернет желісіне қосуды және республикалық автожолдарды LTE технологиясы бойынша сапалы интернетпен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

“Қазақтелекомға” байланыс сапасына қатысты проблемаларды шешу және Қазақстан қалаларындағы кең жолақты интернет желісімен қамтылмаған аймақтардың мәселесін тезірек ретке келтіру міндеті жүктелді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлердегі халықтың қала тұрғындары сияқты заманауи цифрлық қызметтер мен өнімдерге қол жеткізуге тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты компанияға тиісті инфрақұрылым құрылысының қарқынын арттыру тапсырылды.