Елімізде соңғы жеті жыл аралығында 419 ақын-жазушыға мемлекет қаламақы төлеген. Бұл туралы ҚазАқпараттың Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдаған сауалында айтылады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Мәліметке сүйенсек, 419 ақын-жазушыға төленген қаламақы мемлекет бюджетінен бөлінген. 

“Бұрындары еш жерде жарияланбаған қоғамдық маңызы бар әдебиет бойынша 2017-2023 жылдары 419 әдебиеттің авторлық құқығы сатып алынып, яғни авторларға қаламақысы төленіп, басып шығарылды да, өңірлердегі кітапханаларға таратылды. Авторлық қаламақы 1 авторлық парақ үшін (40 мың белгіге) 6 ең төменгі жалақы мөлшеріне теңестірілген", — делінген министрлік жауабында. 

Ал былтыр 53 қаламгер мемлекеттен қаламақы алыпты. Оларға да бюджеттен бөлінген қаражат 1 авторлық параққа 6 ең төменгі жалақы, яғни 2023 жылы 420 мың теңге мөлшерінде болған.