Елімізде биыл соңғы қоңырау күні дәстүрлі датаға қайта оралды. Спутниктің жазуынша, биыл 217 мыңнан астам түлек мектеппен қоштаспақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Дәстүрлі түрде 34 аптаға созылатын оқу жылы аяқталуға жақын. Еліміз бойынша биылғы оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындылайды. 217 мыңнан астам он бірінші сынып оқушысы мектеп бітіреді, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
Соңғы оқу күні жылдағыдай 23 мамырда еліміздің барлық мектептерінде "Білімім — Отаныма" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл — бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды шара, оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызықты сәттерді бірге еске алады.
"Бірыңғай сынып сағаты оқушылардың бойында білімге ұмтылыс, патриотизм және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Балалардың оқудағы әрбір жетістігі — болашағымыздың іргетасын берік етіп қалаудың негізі", - делінген хабарламада.
Биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда өткізіледі.
Сондай-ақ, барлық оқушылар үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтіні ескертілді.