Елімізде су саласындағы 7 мыңға жуық маманның еңбекақысы 25 пайызға көтерілген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

1 қаңтардан еңбекақысы тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының айлығы орта есеппен 25%-ға көтерілді. Ал 1 мамырдан еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін бірқатар мамандардың айлығы 25%-ға ұлғайып отыр. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігінде айтты. 

“Су саласы қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту бағытындағы жұмыс одан әрі жалғасады. Бұл бір күндік іс-шара емес және су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл біз үшін өте маңызды”, - дейді вице-министр Ерболат Ибрайханов.

Айта кетейік, елімізде 9 шілде күні су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Кәсіби мерекеде су саласының 323 қызметкері мен ардагері марапатталды.