Сыртқы істер министрлігі Мароккодағы зілзаладан зардап шеккен жерлестеріміз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте Мароккода ел азаматтары тұратынын айтты. Сөзінше олардың бәрі де дін аман.
“Мароккода Елшілігіміз бар. Елшілік қызметкерлері мен басқа да қазақстандықтарды қосқанда 30-дан астам азаматымыз тұрады. Барлығы аман-есен. Ешкім зардап шеккен жоқ. Бәрімен байланысып отырмыз. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматы жоқ”, - деді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, 8 қыркүйек Мароккода 6,9 балл болатын жер сілкінісі тіркелді. Салдарынан көптеген ғимарат қирап, адамдар зардап шекті. Соңғы дерекке сүйенсек, зілзаладан қайтыс болғандар қатары 3 мыңға жуықтаған.